WBA (Super) және WBC нұсқалары бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес болашақта Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін айтты, деп хабарлайды prosports.kz.
Боксшылардың арасындағы алғашқы жекпе-жек тең дәрежеде аяқталса, екіншісінде төрешілердің шешімі бойынша жеңіс "Канелоға" бұйырған еді.
Алдағы жоспарлары туралы айтқан Альварес болашақта Головкинмен жекпе-жек өткізуге қарсы еместігін жеткізді.
"Ол (ред. Головкин) өз қалағанын жасай алады. Мен өз ісімді атқардым. Болашақта көре жатармыз. Үшінші жекпе-жекті өткізуге қашанда дайынмын. Біз мұны екі рет өткіздік, неліктен үшінші рет өткізбеске? Құдай бұйырса, мен супер орта салмақтағы осы атақты жеңіп алып, 160 фунтқа қайта ораламын. Нокаутпен жеңіске жету қашан да таңғалдырады. Мен осы жекпе-жекте нокаутпен жеңу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Рингте әдеттегідей мүмкіндігімнің бәрін көрсетуге тырысамын. "Мэдисон Сквер Гарденде" жанкүйерлеріме керемет жекпе-жек көрсетуге тырысатын боламын", – дейді "Канело".
Айта кетсек, ендігі "Канело" 15 желтоқсанда Нью-Йоркте әлемнің "тұрақты" чемпионы Рокки Филдингпен жұдырықтасады.