"Қазақ" атауын қайтару туралы қаулы қабылданған нысан қайта салынды

2220

"Қазақ" атауын қайтару туралы қаулы қабылданған нысан қайта салынды

Қызылорда қаласында салынып жатқан "Рухани жаңғыру" орталығы ғимаратының құрылысы аяқталды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Орталықты салу кезінде бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізге алынды. 1925 жылы осы нысанда "қазақ" деген тарихи атауды қайтару туралы қаулы қабылданған болатын. Осылайша еліміз "қырғыз-қайсақ" атауынан арылып, Алаш зиялылары мен ардақтыларының арманы орындалды. Алайда тарихи нысан кезінде бұзылып кетті. Жергілікті ғалымдар кейін оның сызбасын мұрағаттан тапты. Бұл тарихи шешім қабылданған орынды қайтадан бірдей үлгіде салып шығуға мүмкіндік берді.

Ғимараттың бір жағында аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығы, ал бір жағында музей орналасады.
"Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріле бастағалы алғаш салынып біткен орталық ғимараты болды. Мемлекеттік комиссия ғимаратты қабылдап алды. Қазақ орталық атқару комитетінің ғимаратының сызбасымен салынған нысан астана болған Ақмешітте халыққа қызмет еткен Жалау Мыңбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ұзақбай Құлымбетов, Әлихан Бөкейханов секілді Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы еңбегіне құрмет іспетті", – дейді орталық директоры Нұрлыбек Мыңжасов.
"Промстройсервис" ЖШС бас директоры Манарбек Еспембетовтің айтуынша, құрылыс жұмысы төрт айға созылды. Енді тек ішкі шаруасы қалып тұр.
"Кірпішті Ресейдің Белгород қаласынан алып келдік. Бұрын пайдаланылған Николай кірпіші табылмады. Ал есік-терезелері, басқа да жабдықтары осы заманғы дүниелер", – дейді мердігер компания директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу