"Қазақ арматура-оқшаулағыш зауытына" 170 миллион теңге инвестиция салынбақ

975

"Қазақ арматура-оқшаулағыш зауытына" 170 миллион теңге инвестиция салынбақ

ҚР парламенті депутаттарының Қостанай өңіріне сапары барысында "Қазақ арматура-оқшаулағыш зауытының" осы жылдағы жұмыс жоспары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко Рудный қаласында болып, бірқатар өндіріс ошақтарын аралады. Соның бірі - "Қазақ арматура-оқшаулағыш зауыты".

Зауыт директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Татьяна Рыбалконың сөзінше, шыны оқшаулағыштарын құрастыру ісі 2013 жылдан басталды.  

"Эстонияның "Глобал Инсулэйтор Групп" холдингінің құрамына кіретін серіктестік Рудныйда 5 жыл бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатыр. Біз дайын шыны бөлшектерін Ресей мен Қытайдан сатып алып, жылына 500 мың дана оқшаулағыш құрастырамыз. 30 адам жұмыспен қамтылған. Негізгі тұтынушыларымыз - Ресей мен Әзербайжанның ірі электр энергиясын тасымалдаушы компаниялары", - дейді Рыбалко.  

Владимир Божко зауыттың биылғы жоспары, экспорттық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы сұрады. Татьяна Рыбалконың айтуынша, алдағы уақытта цехтың әлеуетін екі есеге арттыру, қол станоктарын жартылай автоматтық конвейерлерге ауыстыру жоспарда бар.

"Осы арқылы өндіріс көлемін 4 есе арттырып, 20 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік аламыз. Ол үшін 170 миллион теңге шетелдік инвестиция тартылмақ. Сөйтіп, отандық өнімді Иран, Түрікменстан, Пәкістан және тағы басқа азиялық елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік зор", - деді Татьяна Рыбалко мәжілісменнің сұрағына.  

Мұнан соң Владимир Божко "Соколов-Сарыбай" кен өндіру басқармасында болып, кадрларды даярлау орталығы жұмысын бақылады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу