"Қазақ елі" туындысының Оңтүстіктегі түсірілімі басталды

904

"Қазақ елі" туындысының Оңтүстіктегі түсірілімі басталды

"Қазақ елі" туындысының Оңтүстіктегі түсірілімі басталды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасына орай, "Қазақфильм" киностудиясының шығармашылық тобы тарихи "Қазақ елі" туындысының "Алтын тақ" деп аталатын ІІ-маусымын Оңтүстікте түсіруді жоспарлаған болатын. Осыған байланысты өңірге арнайы сапармен келіп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа фильмді тарихи орындарда түсіруге байланысты қолдау көрсету жайын сөз етті. Нәтижесінде бүгінде түсірілім жұмыстары Түлкібас ауданында басталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен аймақтағы БАҚ қызметкерлері шығармашылық топтың жұмысымен танысып қайтты.

Айта кетерлігі, фильмнің бұл маусымы 10 сериядан тұрады. Түлкібас ауданы, Иірсу ауылы маңындағы Тақиятөбе жерінде өтіп жатқан түсірілімге 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Сценарий авторлары: Смағұл Елубай мен Тимур Жақсылықов. Туындының бас режисері Рүстем Әбдірашев Оңтүстік өңірінің табиғи ерекшелігі мен тарихи рөлі фильм үшін маңызды екендігін жеткізді.

"Қазақ елі" туындысының ІІ-маусымының алғашқы 5 сериясы Алматы облысының Талғар ауданында басталды. Кейінгі бөлімдері осы Оңтүстік өңірінде түсіріліп жатыр. Мұнда Керей мен Жәнібектің және Әбілқайыр әскерлерінің шайқасы, Қазтуғанның көші, Қасым ханның аманаттан оралуы сынды эпизодтары таспалануда. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Жәнібектің хан тағына отыруы сынды көріністерді түсіретін боламыз. Осы түсірілім жұмыстарына атсалысқан облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлына алғыс білдіреміз", - деді Рүстем Әбдірашев.

"Қазақ елі" фильмінің Оңтүстіктегі түсірілім жұмыстары маусым айына дейін жалғасады. Тарихты таныстырып, текті танытатын тарихи туынды ағымдағы жылдың желтоқсан айында көпшілік назарына ұсынылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу