"Қазақфильм" "Махаббат. Үміт. Астана" сериалына кастинг жариялады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы ресейлік "Студия кино" компаниясымен бірлесе отырып "Махаббат. Үміт. Астана" атты сериалының түсірілімін қолға алды. Елорданың мерейтойына арналып түсірілетін төрт сериалы көркем туынды Ресейдің "Первый канал" телеарнасынан көрсетілетін болады. Сериалдың режиссерлері – Иван Глубоков (Ресей) және Олжас Ермекбаев (Қазақстан). Аталған фильм мистика және фантастика элементтері бар мелодрама жанрында түсіріледі.
"Сериалдың негізгі оқиғасы 60-шы жылдардағы Целиноград қаласында және арман қала ретінде көрсетілетін қазіргі Астана қаласында өрбиді. Елордамыз фильмнің басты декорациясы ретінде пайдаланылып қана қоймай, сонымен қатар, астаналықтармен бірге картинаның басты кейіпкері болмақ. Айтпақшы, фильмге эпизодтық рөлдерге кастинг жарияладық, сондықтан да, сериалға түскісі келген азаматтарға құлаққағыс етеміз", - дейді сериалдың режиссері Олжас Ермекбаев.
Режиссердің айтуына қарағанда, кастингке жасы 5 пен 70 жас аралығында барлық қазақстандықтар қатыса алады (ер адамдар, әйелдер және балалар).
Ал бұл туралы толық ақпаратты kazakhfilmstudios.kz-тен біле аласыз.