Қарағандыда "Жастар" спорт кешенінде 16-17 сәуірде ересектер арасында қазақ күресі ұлттық жекпе-жегі бойынша "Сарыарқа Барысы" облыстық турнирі өтті.
Сайысқа Қарағанды, Теміртау, Қаражал, Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларынан, сондай-ақ Ақтоғай, Абай, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау және Шет аудандарынан 160 спортшы қатысты.
"Облыстық турнирде қазақ күресіндегі ережелерде қарастырылған барлық салмақ дәрежелері бойынша балуандар сайысқа түсті. Бұдан әрі "Қазақстан Барысы" республикалық біріншілігіне қатысуға іріктеу жекпе-жектеріне қатысуға 16 спортшы өтінім берді, - деді сайыстың бас төрешісі Нұрмұхамбет Жайлаубай. – Айта кетейін дегенім, қазақ күресі қазір дамып, үлкен қызығушылық танытуда. Бұл "Қазақстан Барысы", "Әлем Барысы" және "Еуразия" секілді ірі сайыстардың пайда болуымен байланысты".
Облыстық жарыстың қорытындысы бойынша абсолютті біріншіліктің жеңімпаздары Қарағанды балуаны Ержан Шынкеев пен Абай ауданынан келген Ерсін Мұхаметжанов атанды. Дәл осы спортшылар "Қазақстан Барысы" республикалық турнирінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыйлығына таласады.
Бұл сайыс осымен 8-рет өткізілмек. Оған Қазақстанның түпкір-түпкірінен спортшылар жиналып, күш сынасады. Ережелерге сай, балуандар абсолютті салмақ дәрежесі бойынша сайысады.