Сыртқы істер министрлігінде "Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен" атты 5-ші байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Биылғы жылы 20-дан астам елден 85 мақала арасында бес жеңімпаз таңдалды. Байқаудың жеңімпаздары үшін Астана, Алматы қалалары мен Бурабай курорттық аймағына сапарлары шеңберінде ауқымды ақпараттық және мәдени бағдарлама ұсынылады.
ТМД және Балтық елдерінің авторларының арасынан Өзбекстан Ұлттық ақпараттық агенттігінің (УзА) редакциясы 2017-2018 жылдары аралығында Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастары туралы белсенді ақпараттандыру жұмысы үшін жеңімпаз болып таңдалды. УзА жариялаған мақалалар арасынан "Өзбекстан-Қазақстан: дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 25 жылдығына арналған" атты мақаласы және достық веломарафон және Алматы облысының Өзбекстандағы күндері бойынша тақырыптық материалдар атап өтілді.
Америка құрлықтары журналистерінің арасында АҚШ тілшілері Стефан Рабимов пен Александр Липовцевтің "Forbes" журналына шыққан "Қазақстанның жеті ғажайыбы: неліктен Орталық Азияда fashion-туризм дамуда" атты мақаласы үздік деп танылды.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне, елбасының бес әлеуметтік бастамасына, Астана халықаралық қаржы орталығы мен елорданың 20-жылдығына арналған материалдар топтамасы үшін иорданиялық Айман Ель-Забен Таяу Шығыс пен Африка елдерінің ішінен жеңімпаз болып жарияланды.
Жалпы, биыл шетелдік баспасөз құралдарында Астананың мерейтойы туралы 300-ге жуық материал жарық көрді. Жарияланымдардың басым көпшілігі – Астананың дамуымен танысу үшін арнайы келген журналистердің эксклюзивті материалдары. Үндістандық Индервир Сингхтің "Business Central Asia" журналында жарияланған "Астана: өзіндік тартымдылығы және сауығы бар шаһар" атты мақаласы осындай жұмыстардың бірі. Автор Азия, Аустралия және Океания елдерінің арасынан жеңімпаз болып танылды.
Британдық Джилли Пикап Еуропа журналистері арасынан үздік болып танылды. Ол "Aberdeen Press&Journal" және "The People's Friend" баспаларында "Келу пункті – Қазақстан" және "Қазақстан: бір қадам алда" атты мақалаларын жариялаған.