"ҚТЖ" ҰК" АҚ сынақ түрінде шығарылған рефрижераторлық контейнермен Қазақстан аумағы арқылы ресей нарығына өзбекстандық өндірушілердің көкөнісін жеткізді, деп хабарлайды "KTZ Express" АҚ баспасөз қызметі.
Темір жол бағдары Самарқанд қаласынан шығып еліміздің Алматы және Семей қалаларын басып өтіп, шекаралас Локоть станциясынан Ресей аумағына енеді.
Тез бұзылатын жүктерді тасымалдау үшін ерекше температуралық режім сақталатын арнайы контейнер діттеген жеріне 5 тәулікте жетті. Оның Қазақстан аумағындағы орташа жылдамдығы тәулігіне - 1 мың, ал Ресей аумағында тәулігіне 300 шақырымды құрады. Жүк Новосібір аймағындағы Клещиха стансасына бұзылмаған күйінде барды.
"KTZ Express" АҚ контейнерлік тасымал департаментінің директоры А.Кәрімовтың айтуынша, Өзбекстаннан Ресей мен Қазақстан бағытына жеміс-жидек тасымалын ұйымдастыру жұмыстары 2016 жылдың желтоқсанынан бері жүргізіліп келеді. 45-футтық автономды рефрижераторлық контейнерді пайдалана отырып іске қосылған сынақтық жоба бағдардың логистикалық мүмкіндігін байқау үшін іске қосылған.