"Қазатомөнеркәсіп" құны 451 млн АҚШ долларын құрайтын өзінің 15% акциясын Лондон қор биржасында орналастырды, деп хабарланды "Самұрық-Қазына" АҚ-дан.
Сұраныс ұсыныстан 1,7 есе асып түсті. Өтінімдер 769 млн АҚШ долларына берілді. Бұл өз кезегінде шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығы жоғары екендігін білдіреді.
Орналастырылған акциялардың/ҒДҚ көлемі – 38 903 491 дана немесе "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК акцияларының 15%-ы. Қазақстандық инвесторлар орналастырылған құнды қағаздардың жалпы көлемінен 47,5%-ын сатып алды. Орналастырылған акциялардың көлемі 451 млн АҚШ долларына бағаланған.
"Әлемдік қор нарықтарында қазан айының басынан бері құбылу байқалғанымен, біз өзіміздің алға қойған міндетімізді орындадық және IPO-ға шықтық, себебі бұдан өсімнің ұзақмерзімді перспективасын көреміз. Қазатомөнеркәсіп – Лондон биржасында (LSE) да, АХҚО (AIX) да халықаралық ІРО шығып жатқан тұңғыш квазимемлекеттік компания. Жария компания мәртебесі Қазатомөнеркәсіпке инвесторлар үшін барынша жариялы және түсінікті болуына мүмкіндік береді", - деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов "Самұрық-Қазына" басқармасы отырысында.
"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-ның IPO – ҚР үкіметімен 2016 жылы қабылданған мемлекеттік меншікті жекешелендіру бағдарламасының бірінші негізгі элементі. Бағдарлама елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес мемлекеттің экономикадағы үлесін ЖІӨ-нің 15% дейін қысқарту бойынша белгілеген міндеті аясында жүзеге асырылуда.