Қазкоммерцбанктің терроризмге ешқандай қатысы жоқ. Банктің өкілдері осындай мәлімдеме жасады. Баспасөз хатшысы Илья Боровойдың айтуынша, банк арқылы 2016 жылдың қазан айында Хазиев есімді Ресей азаматы 4 млн 280 мың АҚШ доллары көлеміндегі 31 қаржы операциясын жүргізген. Ал мұндай қомақты сомма туралы құзырлы орындарға ескерту жасалуы тиіс болатын. Осыған байланысты Ұлттық банк "заңсыз ақшаны заңдастыру және терроризмді қаржыландыру" фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 214 бабының 2 тармағы бойынша сотқа шағымданған. Алайда банк өкілдері операция жөніндегі барлық құжат, есеп фактурасы, тауар-транспорт есептемелері бар екенін және бәрінің заңды екенін алға тартады. Бұл тек операцияны жүргізген менеджердің қателігі дейді олар. Айта кетейік, 17 шілде Алматы ауданаралық мамандандырылғын соты Қазком банкке әкімшілік құқық бұзушылықтың 214 бабы бойынша айыптап, 900 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салған болатын.
Илья Боровой, "Қазкоммерцбанк" АҚ баспасөз хатшысы: "Ұлттық банктің тексерісі кезінде бір тұтынушының құжаттарын рәсімдеуде күдікті жағдайды анықтаған. Яғни, көп соммамен операция жасалғанда құзырлы орындарға ескерту жасалмаған. Ұлттық банк мұны ақшаның ізін жасыру деп тауып, әкімшілік жауапқа тартты. Ал әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 214 бабында, ақшаның ізін жасырумен қатар, терроризм деген сөз бар. Біз бұған келіспейміз. Алдағы уақытта банк тағылған айыптауларға қарсы шағым түсіреді".