Мақтаарал ауданындағы ең даулы мәселе өз шешімін тапты. "ҚазМақта" АҚ мақта өткізген 307 шаруаға 323,4 млн теңге қарызын қайтарды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
2017 жылдың 15 желтоқсанында "ҚазМақта" АҚ-ға мақта шикізатын өткізіп, қаржысын ала алмай жүрген бір топ шаруалар Мақтаарал ауданы әкімдігіне арызданған еді. Аудан әкімі Ғ.Исмаилов пен тиісті сала жетекшілері шаруалардың өтінішін тыңдап, оларға тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсыру қажеттілігі түсіндірілген.
Көтерілген мәселенің шешімін табу ұзаққа созылғандықтан 2018 жылдың 2 ақпанында АІІБ-не шаруалар тарапынан түскен арыздың негізінде "ҚазМақта" АҚ-ға қатысты ҚР ҚК-нің 190 бабы, 4-бөлігінің 2 тармағымен қылмыстық іс қозғалып, жедел тергеу тобы құрылып, заң талаптарына сәйкес жұмыс жүргізілді. Даулы мәселеге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс прокуроры Н.Әбдіров араласып, жағдайды өз бақылауларына алған болатын. Осылайша тиісті жұмыстарды жүргізу барысында 15- ақпанда шаруалардың 60 млн теңгесі төленсе, 20 наурызда корпорация қызметкерлерінің 28,7 млн теңге жалақылары берілді.
Корпорация мақтасын өткізіп қаржысын ала алмай жүрген шаруаларға 21 наурыз күні 150 млн теңге көлеміндегі қаржы қайтарса, қалған 44 шаруаның қаржысын 5-сәуір күні толығымен берді. Қазіргі таңда кәсіпорынның 353 млн теңге қарызын 100 пайыз төледі.