"Қазпошта" АҚ бүкіл Қазақстанда өз филиалдарын жаңғырту жұмысын жалғастырып келеді. Бүгін ШҚО, ОҚО, Қарағанды, Алматы және еліміздің өзге аймақтарында жаңартылған пошта бөлімшелері іске қосылды. Бұған дейін жөндеуден өткен Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда, Талдықорған, Тараз және Ақтау қалаларындағы бөлімшелер ашылды.
"Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алматы қаласының жаңғыртылған бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысты. Кездесу барысында "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов қонақтарды жаңартылған бөлімшенің жұмысымен таныстырып, компанияның қызметтерін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарымен бөлісті.
"Біз барлық бөлімшемімізді жаңартып, инфрақұрылымын жаңғыртып, бизнес-процесстерді қайта қарастырып жатырмыз. Кезекте тұрмай, көптеген құжат толтырмай, жаңа кеңселерге келіп, қызмет алу мүмкіндігі Алматы азаматтарының көңілінен шығады деп үміттенеміз. Алматыда бұл төртінші жаңартылған бөлімше, жоспар бойынша бұл қалада 18 бөлімше жаңартылады", – дейді Қазпошта басшысы.
Сакен Сарсеновтің айтуынша, операциялық бөлмелердің ауқымы функционалды емес кабинеттерді жою арқылы 9000 шаршы метрден 19000 шаршы метрге дейін артты. Сондай-ақ жаңартылған бөлімшелерде бір деңгейлі және кедергісіз қызмет көрсететін терезелер енгізілді, жеке және корпоративті клиенттерге қызмет көрсету аймақтары, пошта және қаржы қызметтері залдары бөлінді, операциялық терезелердің саны көбейтілді.
"Жаңа жұмыс форматына көшу халыққа қызмет көрсету сапасын арттырумен бірге сәлемдеме алу және жөнелту рәсімін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде сәлемдеме қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қысқарды, ал супермаркет арқылы берілетін сәлемдеме саны екі есе артқан", – дейді Сәкен Сәрсенов.
Жаңғырту бағдарламасы аясында Қазақстанның 197 елді мекенінде орналасқан 400 пошта бөлімшесін жаңарту жоспарланып отыр.