Астана қаласын газдандыру процесі туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында айтып берді, деп жазады strategy2050.kz.
"Астананы газдандыруға келетін болсақ, "ҚазТрансГаз" компаниясы газ құбырының құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірледі. Қазір ол мемлекеттік сараптамаға жіберілді", – деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, осы газ құбыры еліміздің батысынан оңтүстікке Қызылорда облысына қарай өтетін газ құбырына қосылады, кейіннен газ құбыры оңтүстіктен Жезқазған жағына қарай, өнеркәсіптік дамыған Қарағанды облысы – Жезқазған ауданына, содан кейін Қарағанды, Астана, Көкшетау қалаларына өткізіледі.
"Бір айдан соң біз бұл бағдардың болу мүмкіндігін, газдың қанша тұратынын, тасымалдау тарифі қандай болатынын нақты айта аламыз. Дизельдік немесе сұйылтылған газбен салыстырғанда табиғи газ тиімдірек болуы мүмкін", – деп қорытындылады Қанат Бозымбаев.