"ҚазТрансОйл" компания атынан құбыр сатқандарға қатысты мәлімдеме жасады

1703

Құқық қорғау органдары ұлттық компанияның бұрын қолданыста болған құбырларын сату оқиғаларын әшкерелеген болатын.

 "ҚазТрансОйл" компания атынан құбыр сатқандарға қатысты мәлімдеме жасады

Осының алдында ғана құқық қорғау органдары Қазақстанның бірден бес өңірінде "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының бұрын қолданыста болған құбырларын сату оқиғаларын әшкерелеп, күдіктілердің қолына кісен салған болатын. Олардың қолдарында ҚТО-ның "құжаттары" болған. Бұған ұлттық компания не дейді?

"Алматы, Павлодар, Атырау облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында "ҚазТрансОйл" АҚ атынан бұрын қолданылған тұрба-құбыр өнімдерін сату мәселелері бойынша жалған құжат дайындаумен айналысатын бір топ адамның алаяқтық істері анықталды. Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен компаниялар мен жекелеген азаматтар аумақтық құқық қорғау органдарына шағымданған. Олардың шағымына жүгінсек, белгісіз біреулер адам сеніміне кіріп, алдау жолымен "ҚазТрансОйл" АҚ құбыр өнімін сату/қазып алу" лоты бойынша жарияланған конкурста жеңімпаз атануға жәрдемдесуге уәде етіп, қомақты қаржыға қол жеткізген", – деп хабарлады компания.

Қазір осы және басқа фактілер бойынша Астана қаласы ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы, сондай-ақ Алматы облысының ішкі істер департаментінің Талғар аудандық ішкі істер басқармасы қылмыстық құқық бұзушылық негізінде қылмыстық іс қозғады.

Өз кезегінде ұлттық компания біраздан бері ескі құбырларын ресми сатпағанын алға тартады.

"2018 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін "ҚазТрансОйл" АҚ-ы бұрын қолданыста болған құбырларын сатуды жүргізбегенін хабарлайды. Бұрын қолданылған құбырларды сату рәсімін компания екі жолмен жүзеге асырады: біріншісі бойынша аукцион өткізу арқылы сатады: бұл жағдайда аукцион туралы хабарлама республикалық және аймақтық баспасөзде аукцион өтердің алдында 10 күн бұрын жарияланады. Екіншісі – тауар биржасы арқылы іске асырылады", – деп мәлім етті компанияның жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаменті.

"ҚазТрансОйл" АҚ Қазақстандағы магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор саналады. Ол ұзындығы 5 мың 377 шақырымдық магистральдық мұнай құбыры желісіне және 1 мың 975 шақырым болатын сутаратқыш желіге ие. Бұл мұнай және су тұрба-құбырлары дүркін-дүркін жаңартылып тұрады. 

ҚТО компаниялар тобының өндірістік нысандары Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу