"Кеңқияқ" бас мұнай айдау стансасы іске қосылды

1539

"Кеңқияқ" бас мұнай айдау стансасы іске қосылды

Ахметжан Есімов мұнай ағынын реттейтін жаңа бас диспетчерлік басқарманы іске қосты, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Қазақстанның мұнай ағыны елордадан тікелей басқарылатын болады. Бүгін "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамының жаңа бас диспетчерлік басқармасын іске қосты. Мұнда магистралдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай ағынын басқару орталықтандырылған және цифрландырылған.

"ҚазТрансОйл" АҚ мұнайды қабылдауды және тапсыруды, "Ақтау" порты мен компанияның теміржол эстакадаларында мұнай құюды бас диспетчерлік басқармасынан онлайн режимде қадағалайтын болады. Осы арқылы  "ҚазТрансОйл" ағынды диспетчерлік бақылау және басқару SCADA жүйесін енгізу бойынша жобаны толық жүзеге асырды. 

"ҚазТрансОйл" компаниясындағы цифрлық технологиялар қазақстандық мұнайды еліміздің мұнай өндеу зауыттарына жеткізуді, Қара және Балтық теңіздерінің порттары арқылы Қытайға және Өзбекстанға экспорттауды басқаруға, сондай-ақ ресейлік мұнайды ҚХР мен Өзбекстанға транзиттеуге жаңа мүмкіндіктер береді.

"ҚазТрансОйл" АҚ-дағы  диспетчерлік басқарманың бұрынғы құрылымы төрт деңгейлі сатыдан тұратын: жергілікті диспетчерлік пунктілер (ЖДП), аудандық диспетчерлік пунктілер, орталық диспетчерлік пунктілер және Астанадағы бас диспетчерлік басқарма. Қазіргі уақытта құрылымда тек ЖДП мен БДБ ғана қалды, яғни 2 деңгей оңтайландырылды.

Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Ахметжан Есімов қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген Ақтөбе облысындағы "Кеңқияқ" бас мұнай айдау стансасын цифрлы технологиялар арқылы  бас диспетчерлік басқармадан іске қосты.

"Кеңқияқ" бас мұнай айдау стансасының іске қосылуы қазақстандық мұнайды ҚХР-ға экспорттау көлемін ұлғайтуға, Батыс Қазақстан мұнайын отандық МӨЗ-дерге тасымалдауды қамтамасыз етуге  мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу