Ақмола облысының билiгi өңiрде туризмдi дамыту мақсатында Көкшетау-Шымкент əуе бағытын қайта жандандыру мәселесiн көтерiп отыр, деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы "Көкшетау-Шымкент" бағытындағы əуе рейсiн республикалық бюджет есебiнен қаржыландыру қарастырылмаған көрiнедi. Тұрғындардың сұранысына қарамастан "Көкшетау-Шымкент" əуе рейсi 2017 жылдың 31 қаңтарынан бастап тоқтатылды. Өткен жылы осы бағытта 2500 жолаушы тасымалданған.
Көкшетау халықаралық әуежайының директоры Дастан Мəлиевтiң сөзiнше, аптасына екi реттен жарты жыл бойы қызмет көрсеткен Шымкент бағытындағы рейстiң қайта ашылғаны маңызды.
Оған қоса, Д.Мəлиев Ақмола облысының билiгi өңiрде туризмдi дамыту мақсатында "Көкшетау — Атырау — Көкшетау" жəне "Көкшетау — Актөбе — Көкшетау" бағытындағы тұрақты əуе рейстерiн қайта жандандыру үшiн Үкiметтен субсидия бөлу мəселесiн шешудi сұрап отырғанын айтуда.
"Сонымен қатар бiз Ақмола облысында туристiк кластердi жəне азаматтық авиацияны дамыту үшiн Көкшетау қаласын Орал, Өскемен, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Тараз жəне Павлодар сынды облыс орталықтарымен байланыстыратын субсидияланған тұрақты əуе рейстерiн 5 жыл мерзiмге ұйымдастыру, кейiннен оларды коммерциялық əуе рейстерiне ауыстыру мəселесiн қарауды сұрап жатырмыз", — дедi Д. Мəлиев.
Атап өтейiк, 2017 жылы Ақмола облысында жолаушылар тасымалының көлемi алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайған. Бұған алдымен өңiрде туристiк кластердiң дамуы себеп болып отыр. 2017 жылы Көкшетау əуежайынан Алматы, Ақтау, Шымкент бағытында субсидияланған тұрақты 3 рейс пен "Мәскеу — Көкшетау — Мəскеу" бағытындағы бiрiншi халықаралық коммерциялық авиарейс жасалды. Бұл ретте, 2018 жылы "Көкшетау — Алматы" жəне "Көкшетау — Ақтау" бағытындағы екi əуе рейсi ғана республикалық бюджет есебiнен субсидиялауға қолдау тапты.
"Ал Мәскеу бағытындағы коммерциялық əуе рейсi болса, көктем-жаз маусымы кезеңiнде келiсiм бойынша жұмыс iстейтiн болады", — дедi Д. Мəлиев.