"Көксу" қант зауыты қант қызылшасын қабылдай бастады

1859

"Көксу" қант зауыты қант қызылшасын қабылдай бастады

Биыл Алматы облысының шаруалары 350 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өткізуді жоспарлап отыр. Өнімнің алғашқы легін "Көксу" қант зауыты қабылдап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Көксу, Қаратал аудандары мен Қапшағай қаласының шаруалары тәтті түбірдің алғашқы легін жеткізді. "Біздің күтіп отырғанымыз, шаруалар 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өткізуі керек. Ол үшін барлығын дайындап қойдық. Қазан айынан бастап тәтті түбірді өңдеуді бастаймыз", - дейді "Көксу" қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішевтің айтуынша, ауа-райы қолайсыздық танытпаса шаруалар қант қызылшасын 40 күннің ішінде толықтай өткізеді. Былтырғыдай зауыт алдында ұзын-сонар кезектің қалыптасуына шаруалар өздері түрткі болмаса деп отыр.
"Машинаның тұрып қалуына себеп болатын бір жағдай ғана. Бұл шаруалардың бір уақытта, бір мезгілде келген кезде кезек күтуі болады. Біздің есебіміз бойынша егер де ауа райы қолайлы болатын болса, 40 күн. Ал, егер де ауа райы жауын-шашын болып, қолайсыздық танытса 60 күннің ішінде өнімді қабылдап бітуіміз керек", дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, биылғы маусымда 10 жыл бойы тоқтап тұрған "Ақсу" қант зауыты да жұмысын бастайды. Бұл жерге сол маңдағы Ақсу, Сарқан Алакөл сынды аудандардың шаруалары өнімдерін өткізетін болады. Ал жалпы Алматы облысында қант қызылшасын егетін 600-ге жуық шаруашылық бар. Биыл олар 9 мың 200 гектарға қант қызылшасын екті. Еңбеккерлер осы жылы дәнді егудің жаңа технологиясын қолдана отырып 350 мың тонна өнім алмақ. Ал, одан 30-35 мың тонна таза қант өндіру жоспарда бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу