Биылғы жылы наурыз және сәуір айы аралығында жүргізілетін әскерге шақыру науқаны шеңберінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметінің "Айбын" және "Батыр" президенттік полктерінде әскери борышын өтеуге ниетті үміткерлерді іріктеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды otyrar.kz.
Аталған президенттік полктер қатарында ең үздік әскери қызметшілер бір арнаға тоғысқан. ҚР мемлекеттік күзет қызметі ҚР ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жататын, ҚР күзетілетін адамдар мен объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган болғандықтан қызметтің бұл құрылымдық бөліністеріне іріктеу басымдылықпен, әрі қатаң талаптарға сай жүргізіледі.
Жедел әскери қызметке шақырту учаскелеріне бекітілген сәттен бастап, әскерге шықырылуына дейінгі мерзімде ҚР мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, әскерге шақыртуға жататын қазақстандықтардың арасында жүйелі түрде тексеру мен зерттеу шараларын жүргізеді.
ҚР мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге барып, талап бойынша бойы 180 см кем емес әскерге шақырылушының оқу және қызмет орындарынан мінездемелерін, араласу ортасын, бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтап, оның психологиялық бет-бейнесімен қатар, медициналық көрсеткіштерін зерделейді. Іріктеу барысында бекітілген ереже-талаптарға сәйкес ең бастысы Отанға деген шексіз адалдығымен, шыншылдығымен, оқыс жағдайларда жалғыз әрі нақты шешім қабылдай білу қабілетімен, төзімді әрі зеректігімен ерекшеленген бозбалаларға басымдылық берілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, спорттық және өзге де салалардағы елеулі жетістіктері ескеріледі.
Жылдан жылға ҚР МКҚ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруде. Мысалыға, 2017 жылғы әскерге шақырту комиссиясының жұмыс нәтижесінде 295 жас сарбаздың 255-і арнайы-орта және жоғары білімді болды. Салыстырмалы түрде 2016 жылы лайықты білімі бар үміткерлердің саны 195 құраған болатын.