Наурыздың 23-26 күндері "Қорғас" ХШКО аумағында "Наурыз мейрамы" мерекесіне орай, қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өткізіледі, деп хабарлады "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
Сауда нүктелеріне ет, ұн, кондитерлік, сүт өнімдері шығарылады. Жәрмеңкеге қатысуға Алматы қаласы мен облысының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері мүдделілік танытып отыр. Биылғы Жолдауда Қазақстанда болашағы зор саланың бірі ретінде агроөнеркәсіп кешені танылған болатын. Мемлекет басшысы АӨК алдына ірі көлемде экологиялық таза өнімдер өндіріп экспортқа шығару міндетін қойды.
"Қорғас" халықаралық теміржол шекаралық кеден орталығының алдындағы маңызды тапсырмалардың бірі қазақстандық экспортты қолдау болып табылады. Осы мақсатта орталықта бизнесті табысты жүргізуге жағдай жасалған. Отандық өнім өндірушілер өз өнімдерін сыртқа экспортқа шығарып, нарық аясын кеңейтіп, серіктестермен бірлесе қызмет етуіне, іскер орталықтармен әріптестік орнатуларына мүмкіндік ашылған.
Жәрмеңке болатын күндері Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері Орталық аумағында виза ресімдемей ақ, сауда келісімдерін жасаса алады. Қазақстандық кәсіпкерлер "Қорғас" аумағына жеке куәліктерімен кіріп, жәрмеңкеге қатысуға "Қорғас-Коммерц" ЖШС-ына өтініш береді.
Бұл күндері "Самұрық" алаңында наурызға арналған киіз үйлер тігіліп, тұрмыстық заттар көрмесі орналастырылады. Мәдени бұқаралық шаралар бағдарламасы, спорттық жарыстар өткізіледі.