"Қорқыт ата мұрасы" ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

1919

"Қорқыт ата мұрасы" ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

Қызылорда облысы әкімдігінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне "Қорқыт ата мұрасы" көпұлттық номинациясын дайындау бойынша сараптамалық кездесу өтті, деп жазады "Сыр бойы" газеті. 

Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова, Ұлттық комиссия жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау комитетінің төрайымы Ханзада Есенова, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркия елдеріндегі Юнесконың ресми өкілдері мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысты. Кездесу барысында номинацияны дайындау жұмысының іс-әрекет жоспары бекітіліп, ағымдағы жылдың наурыз айына дейін оны бүкіләлемдік мұралар орталығына жеткізу қажеттігі айтылды.
"Бүгінгі Ұлттық комиссия отырысының келесі этапында да Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ұсынған Қорқыттың күй-мұраларын әлемдік мәдени құндылықтардың қатарына қосу жұмысы таныстырылды. Әріптестік байланыс арта  берсін деген ниетпен семинар жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Руслан Рүстемов. 
Келесі кезекте сөз алған Дархан Қыдырәлі философиялық мазмұны  терең аңыз кейіпкері Қорқыт баба  рухани болмысымыздың алтын арқауы екенін, оның қалдырған "Мәңгілік өмір” идеясы Елбасы Н.Назарбаев тұжырымдаған "Мәңгілік ел” концепциясымен сабақтасатынын айтып өтті. Сондай-ақ, спикер Түркияның Байбұрт қаласында да, Кавказда да Қорқыттың мазары болғанымен, Қорқыт мазарларының негізгісі – Сыр бойында тұрғанын, күйлерінің тек қазақ арасында сақталуы, басқа түркі халықтарында кездеспейтін Қорқыт аңыздарының бүгінге дейін қазақ арқылы жетуі – Қорқыт мұрасының мұрагері қазақ екенін көрсететініне тоқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу