"Men Qazaqpyn" халықаралық мега жобасы дәстүрлі өнер иелерін жергілікті жерлерден және шет мемлекеттерден іздейді

799

"Men Qazaqpyn" халықаралық мега жобасы дәстүрлі өнер иелерін жергілікті жерлерден және шет мемлекеттерден іздейді

Алматы қаласында "Men Qazaqpyn" халықаралық мегажобасының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Үміткерлердің өнерін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрім, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Нұржан Жанпейіс, ҚР еңбек сіңірген артисі, жыршы, термеші Ғанипа Садықова және "Qazaqstan" ұлттық арнасының Алматы филиалының продюсері, өнертану ғылымының кандидаты Сағатбек Қалиев бағалады.
Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу, төл өнеріміз - күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа  насихаттау.
Жоба продюсері Қуаныш Сүлейменов "Men qazaqpyn" жобасының биылғы ерекшеліктеріне тоқталды.
"Былтыр Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламасы аясында осы "Men Qazaqpyn" мега жобасы қолға алынған болатын. 14 елді мекенде, облыс орталықтарында, ҚХР, Ресей, Моңғолия елдерінің қандас бауырларымыз көп шоғырланған өңірлерінде іріктеу жүріп, кейін телевизиялық нұсқасы көрерменге жол тартқан. Сол жоба биыл тағы жалғаспақ. Жобаның былтырғыға қарағанда өзгешелігі, алғашқы маусымда іріктеу 14 елді мекенде ұйымдастырылса, биыл республика бойынша ауыл-аймақ, қала, облыс тұтас қамтылды. Барлығы 196 елді мекенде іріктеу өтті. Алдағы уақытта Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Баян-Өлгей, Қырғызстанның Бішкек қаласында іріктеу ұйымдастырылады", - деді ол.
Алматыдағы іріктеуде 50-ге жуық өнерпаз бақ сынады. Олардың ішінен күй аталымында Сырым Шонбаев, дәстүрлі әнде Рауан Әбилбаев, терме жанрында Әйгерім Әпенова топ жарып шықты. 
Жалпы, "Men Qazaqpyn" жобасының аудандық іріктеуі 17 елді мекенде өткізілді. Оған 83 өнерпаз қатысып, дара шыққан 32 үміткер аймақтық іріктеуге жолдама алды.
Бүгінге дейін 1200-ден астам өнерпаз аудандық іріктеулерде бақ сынады. Оның 407-сі дара шығып, облыстық іріктеуден бақ сынайтын болды.  
Шымкент, Талдықорған, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Орал, Қарағанды қалаларындағы облыстық іріктеуден республикалық байқауға 18 жеңімпаз жолдама алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу