Ұйымдастырушылар – елорда әкімдігі мен жануарларды қорғау бірлестіктері. Көрме MEGA Silk Way сауда үйінде жұмыс істейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Шара жануарларға деген жауапкершілікті қарым-қатынасты қалыптастыруға, ит пен мысықтарды ұстау ережелерін сақтауға және әлеуметтік жауапкершілікті танытуға қала тұрғындарын шақыруға бағытталған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, әр айда Астанада 700-ге тарта жануар үйсіз қалады. Олардың 90 пайызы бір жыл ішінде өледі. Жануарлардың көбісі тастанды.
"Біз оларды ветқызмет арқылы қабылдаймыз. Олардың әрқайсысының тағдыры әр түрлі: біреуі үйсіз болып туса, енді біреуін күшік кезінде тастап кетеді. Өз жануарларын біраз жылдан кейін далаға қалдырып кететін иелер де аз емес. Олар кәрі деп, жануарларды асырағысы, күткісі келмейді. Біз адамдарды ит пен мысықтарын тастамауға шақырғымыз келеді. Олардың да жаны бар ғой?! Иттер күшіктерін алып кеткенде қатты қайғырады. Олар өз иелерін сағынып, көбіне тамақты да жемей қояды", - дейді "Стоп отлов" қоры директорының орынбасары Инна Панченко.
Фотокөрмеге 54 жануардың суреті қойылған. Келушілер өзіне төрт аяқты жануарды дос етіп, өз үйіне алып кете алады. Олардың барлығы арнайы процедуралардан, бейімдеу үрдістерінен өткен.
"Әр жануар чиптелген, егіліп, зарарсыздандырылған. Егу шараларының барлығы жасалған", - деп мәлімдеді "АстанаВетсервис" директоры Данияр Абдулов.
Айта кетейік, фотокөрме 25 мамырға дейін жұмыс істейді. Төрт аяқты жаңа досын асырағысы келетіндер "Астана Ветсервистің" немесе "СтопОтлов" еріктілер қозғалысының көмегіне жүгіне алады.