"Менің арманым" жастар арасындағы Ұлттық байқауының жеңімпазы 5 миллион теңгені иеленеді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен "Менің арманым" жобалар байқауының басталуына арналған баспасөз конференциясында белгілі болды.
Конференцияға ҚР БҒМ ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасилов, "Рухани жаңғыру" жоба басқармасының бастығы Арман Евниев, "SUCCESS K" стратегиялық байланыстар жөніндегі агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова қатысты.
"Менің арманым" байқауы - ең қызық, бірегей әлеуметтік маңызы бар жоба. Байқау жаңашылдардың жалпыға пайдалы бастамасын анықтайды. Олардың әлеуметтік белсенділігі мен әлеуметтік-шығармашылық қабілетінің дамуын дәріптеп, қатысушылардың зияткерлік әлеуетін жетілдіруге мүмкіндік жасайды", - деді Б. Абдрасилов байқауға қатысты.
Байқауға 14 пен 29 жас арасындағы қазақстандықтар: орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары, колледж пен профтехникалық мектеп оқушылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ЖОО-ның студенттері, жас жаңашылдар қатыса алады.
Қатысуға өтінімдер 20 шілде мен 1 қыркүйек аралығында, www.meninarmanym.kz сайтында қабылданады. Байқауға қатысу тегін. Жобаларды ақпараттық (IT), білім, технологиялық, экология және әлеуметтік-мәдениет бағыттары бойынша ұсынуға болады.
Ақтық жарысқа қатысу үшін ең үздік 64 жобаның авторы Астана қаласында жиналады. Жобаларды Қазақтан Республикасының әйгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлері мен кәсіпкерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайтын болады. "Менің арманым" жастар арасындағы әлеуметтік жобалар Ұлттық байқауының жеңімпазы 5 000 000 теңгені иеленеді.