"Мырзашөл жұлдыздарының" жеңімпазына 1 миллион теңге берілді

982

"Мырзашөл жұлдыздарының" жеңімпазына 1 миллион теңге берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында арада 23 жыл өткенде "Мырзашөл жұлдыздары" атты жас әншілердің өнер байқауы қайта жаңғыртылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Елбасының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған облыстық өнер байқауы Астана қаласының 20 жылдығы мен Мақтарал ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отыр.

Шараға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ақын-сазгер Исарил Сапарбай, Қазақстанның эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексенұлы мен аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев қатысып, керемет кештің құрметті көрермендері болды.

1993 жылы бастау алған байқау ел ішінде танылмай жүрген көптеген таланттарды жарыққа шығарды. Алғашқы байқаудың өзінде-ақ бас жүлдені еншілеген Жұбаныш Жексенұлы ерекше әуезді үнімен елді таңдай қақтырған болатын. Ол бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың біріне айналды. Ал келесі жылы Отырардан келіп, бағын сынаған Хадиша Шалабаева бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Өнер додасына өңірдің 20 жас таланттары қатысып бақтарын сынады.  Байқаудың бас жүлдесіне 1 миллион теңге, І орынға 500 мың теңге, ал ІІ орын иегеріне 400 мың теңге болса, ІІІ жүлделі орынға 300 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық табысталмақ.

Байқау қорытындысымен бас жүлдені мақтааралдық Әріпхан Нұрислам алса, І  орынды шымкенттік "Сарын" тобы иеленді. Ал, ІІ орын Ордабасы ауданының тұрғыны Айнұр Аубакироваға, жүлделі ІІІ орындар шардаралық Жандос Әшірбеков пен түркістандық Біржан Сапарбековаға бұйырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу