Партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед "Нұр Отан" партиясының үкіметтегі өкілі етіп, 36 жастағы Рашид Аюповты тағайындады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Рашид Аюпов "Болашақ" стипендиаты, Queen Mary University of London (Ұлыбритания) оқу орнының мемлекеттік басқару магистрінің түлегі. Әр жылдары "ҚазАльянс" шетелдегі қазақстандықтар бірлестігінің президенті, үкіметтің сектор меңгерушісі, мемлекеттік қызмет істер агенттігінің "Ақпарат және тестілеу орталығының" директоры, премьер-министр кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадрларды басқару бөлімінің сектор меңгерушісі, Шымкент әкімі аппаратының жетекшісі қызметін атқарған.
Сондай-ақ, партияның орталық аппаратының саяси жұмыс жөніндегі департамент директорының орынбасары болып, белгілі қоғам белсендісі, кәсіпкер Данат Жумин тағайындалды. Бұған дейін ол Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде түрлі әлеуметтік бизнес жобаны жүзеге асырып келді.
Данат Жумин, Harvard Business School түлегі. ҚР президентінің "Болашак" халықаралық стипендиясы стипендиаты. Монтана университетін (АҚШ) жергілікті басқару мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары ол түрлі қоғамдық ұйымдарды басқарды, мемлекеттік басқару саласында қызмет етті. Нақты айтқанда, "мемлекеттік қызметтің персоналын басқару жөніндегі Ұлттық орталық" АҚ департамент директоры, ҚР президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы ректорының кеңесшісі, мемлекеттік басқару академиясының дипломатия институты директорының орынбасары, ҚР премьер-министрі кеңсесі басшысының кеңесшісі, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі - хатшылығының жетекшісі болды.