Қазақстанның ипотекалық компаниясының басшылығы биыл "Нұрлы жер" бағдарламасының "Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй" бағытының тоқтатылатынын хабарлады.
Kn.kz ақпараттық қызметіне пікір білдірген "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айсұлтан Ақшориннің сөзінше, аталған бағдарлама бойынша еліміздің 20 қаласында 1 млн шаршы метрден астам сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салынған.
"Жалпы құрылыс пулының бюджеті 163,3 млрд теңгені құрады. Оның көп бөлігі Ұлттық банктен қайтарымды негізде алынды. 19,1 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылды. Сондай-ақ 29,2 млрд теңге жарғылық капиталды толықтыру түрінде берілді. Бұл қаржының бәрі ел экономикасына жұмсалды", – дейді Айсұлтан Ақшорин.
Басқарма төрағасының орынбасары атап өткендей, бағдарлама еліміздің тұрғын үй құрылысы саласына тың серпін берді. Нақтырақ айтсақ, бағдарлама аясында 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Сондай-ақ қалаларда тұрғын үйлерге инфрақұрылым тартылды.
"Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыстың нәтижесінде бағдарламаның бұл бағыты жұмыс істеген жылдар ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 17 мыңнан астам адамға пәтер берілді. Олардың отбасы мүшелерін қоса есептегенде 50 мыңнан астам адам қуанышқа кенелді", – дейді Айсұлтан Ақшорин.
Жыл соңына дейін Қостанай, Қарағанды, Өскемен және Орал қалаларында тағы 40 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, жыл басында "7-20-25" бағдарламасының іске қосылуына байланысты "Нұрлы жердің" тағы бір бағыты – "Жеңілдетілген ипотека" өз жұмысын тоқтатқан болатын.
Фархат Әміренов