"Оңтүстік барысы" анықталды

1398

"Оңтүстік барысы" анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласындағы Спорт кешенінде "Қазақстан барысы" республикалық турниріне облыстық іріктеу өтті. Сайысқа облыстағы қала мен аудандардан барлығы 26 палуан қатысты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Жеребе бойынша палуандардың қарсыластары анықталған соң белдесулер басталды.  Залға толған жанкүйерлер, арнайы қонақ боп келген ақсақалдар қауымы палуандардың күресін тұшына тамашалап, спортшыларға дем беріп отырысты.

Боз кілем үстіндегі алғашқы белдесу Бәйдібек ауданының спортшысы Самат Есен мен Шымкент қаласының атынан сынға түскен Әділжан Ыстыбаевтардың арасында өтті. 5 минутқа созылған сайыста Ыстыбаев ұпай санымен жеңіске жетті.

Кілемге екінші боп шыққан созақтық Ерасыл Сартаев пен сайрамдық Бекзат Қасымовтың белдесулері ұзаққа созылған жоқ. 1 минут 36 секундта қарсыласын атып ұрған Бекзат Қасымовтың қолын төреші жоғары көтерді. 

Тартысты өткен белдесуде бабы мен бағы қатар келіскен мықтылар жеңіске жетіп отырды. Алғашқы сайысын айқын басымдықпен жеңіп шыққан шардаралық палуан, самбо күресінен әлем чемпионы Қайсар Шәмшиддинов жүлделі үшінші орынды бағындырды.

Ақтық сында ордабасылық Бейбарыс Әбдіғани мен тағы бір шардаралық даңқты палуан Ерсұлтан Мұзаппаров кездесті. Қазақ күресінен екі дүркін "Еуразия барысы" атағын, былтырғы жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған Ерсұлтан ширақ қимылымен, шебер әдісімен қарсыласын қапы қалдырып, таза жеңіске жетті. Осылайша Ерсұлтан Мұзаппаров "Оңтүстік барысы" атағын қанжығаға байлап, жанкүйерлерін кезекті рет қуантып тастады. 

Турнир соңында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев Ерсұлтан Мұзаппаровқа 300 мың теңге сыйақы мен жеңіс белбеуін, "Оңтүстік барысы" кубогын салтанатты жағдайда тапсырды.

Екінші орын иеленген Бейбарыс Әбдіғаниға 200 мың, үшінші орын иеленген Қайсар Шәмшиддиновке 100 мың теңге сыйақы берілді. Ойын барысында үздік өнер көрсеткен басқа да бірқатар спортшыларға арнайы сыйлықтар берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу