ҚР мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен EXPO-2017 мәдени бағдарламасы аясында 25 жылдық тарихы ішінде тұңғыш рет Қазақстанда өтіп жатқан әлемдегі ең танымал классикалық вокал байқауының жартылай финалына өткен 25 қатысушының есімі белгілі болды, деп хабарлайды khabar.kz.
Ширек финал күндері байқаудың құзырлы халықаралық әділқазылары 17 елден келген 40 үздік жас әншінің өнерін бағалады. Енді жартылай кезеңнің 25 қатысушысы ақтық сынға өту үшін бар мүмкіндіктерін ортаға салмақ. Жартылай финалға үш қазақстандық өтті. Олар: "Астана Опера" солисі, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, керемет сопрано иесі Мария Мудряк және екі керемет баритон Расул Жармағамбетов пен Станислав Ли бар.
"Жартылай финалға өтетін әншілерді таңдау қиынға соқты. Себебі Астанаға керемет орындаушылар жиналған. Биыл сопрано әншілер ерекше мықты болып шықты. Финалға шығу үшін олардың санын төрт қызға дейін қысқарту біз үшін қиын болмақ. Қазақстан, Ресей, Украина және Шығыс Еуропа елдерінен келген талантты қатысушылардың өнерін тамашалау мен үшін сүйсінерлік жайт болды және олардың есімдері бұл жерде кеңінен таныстырылғанына қуаныштымын. Соңында өте мықты нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін", – деді Питер Марио Катона.