"Орталық – Шығыс, Астана – Павлодар – Семей – Өскемен" дәлізінің Лебяжі ауданы арқылы өтетін бөлігі биылғы жылдың сәуір айында салына бастайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Жамбыл ауылдық округінде өткен есептік кездесуі барысында Лебяжі ауданының әкімі Серік Жанғазинов мәлім етті.
"Нұрлы жол" бағдарламасы шеңберінде төселетін жолдың бір бөлігі Ямышев ауылынан бастап Шарбақты ауылына дейін 117 шақырымды құрайды. Жобаға тапсырыс беруші – ҚР Автомобиль жолдарының комитеті", - деді аудан әкімі
Аудан әкімінің айтуынша, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін ұстау және жөндеуге өткен жылы облыстық бюджеттен 114 518 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 60 135,0 мың теңгеге аудандық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2017 жылы Аққу ауылының Гагарин көшесін, Ямышев ауылының Мир көшесінің 1,7 шақырым орта жөндеуін өткізу жоспарлануда. Аққу – Қазы – Майқарағай және Аққу – Бесқарағай автожолдарын жөндеу бойынша жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін қаржыландырға ұсыныс жіберіледі.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша өтетін "Орталық – Шығыс" автобанның құны - 40 миллиард теңге. Үлкен көлік дәлізі төрт қала - Астана, Павлодар, Семей және Өскемен арасын қосады.