"Qazaq Banki" АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясы 3 ай мерзімге тоқтатыла тұрды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
2018 жылғы 28 сәуірде Ұлттық банк "Qazaq Banki" АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясын 2018 жылғы 27 шілдеге дейінгі мерзімге, қоса алғанда, тоқтата тұрды.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысынан кейін БАҚ сұрақтарына жауап берген кезде айтты.
Ол Ұлттық банк аталған шешімді банктің банк заңнамасының жекелеген талаптарын бұзуына қадағалап ден қою шеңберінде қабылдағанын атап өтті.
Сондай-ақ Данияр Ақышев ЭксимБанк, Астана Банкі, Qazaq Banki кредит қоржыны сапасының төмен болуына байланысты өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен қиыншылықтарды басынан кешіріп отырғанын және қазіргі уақытта аталған банктердің қызметін қадағалау күшейтілген режимде жүзеге асырылуда екенін айтты. Сондықтан, үш банкте клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындау шектеулі.
"Ұлттық банк аталған үш банктің қаржылық жағдайына мониторингті жүзеге асырады және банктің менеджментімен және акционерлерімен жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды пысықтау бойынша келіссөздер жүргізуде", - деді Данияр Ақышев.