"Қазақстан РТРК" АҚ жанынан "Республикалық радио" ЖШС құрылды. Ол 2017 жылдың 1 қаңтарында өз жұмысын бастайды. Құрамына Қазақ радиосы, "Шалқар" радиосы, "Астана" және "Classic" радиолары еніп отыр, деп хабарлады ұлттық арнаның стратегиялық маркетинг департаменті.
"Республикалық радио" ЖШС-ның директоры болып Өтеғалиев Досымбек Қонысбекұлы тағайындалды. Досымбек Өтеғалиев 1976 жылы 7 сәуірде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған.
Бүгін "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев жаңа директорды радио ұжымына таныстырды.
"Басты мақсат – тыңдарман қатарын көбейту. Алдағы үш жылда Қазақ радиосын алғашқы орынға шығаруды көздеп отырмыз. Қойған мақсатқа жетеміз деп ойлаймын. Сондай-ақ әр радионың бағытын айқындауымыз ерек. Мәселен, Қазақ радиосы мен Шалқар радиосының бағдарламалық кестесі әр түрлі болуға тиіс. Бағдарламалардың қызықты болуын да естен шығармаған жөн. Рейтингін көтеру үшін барлық жағдай бар, сондықтан оны пайдалана білгеніміз жөн", – деді Кемелбек Ойшыбаев.