"SAMGAU" театр фестивалінің Гран-при иегері 2 миллион теңге алады

700

"SAMGAU" театр фестивалінің Гран-при иегері 2 миллион теңге алады

Астанада елорданың 20 жылдығы аясында VI "SAMGAU" халықаралық театр фестивалінің шымылдығы ашылды қалалық мәдениет және спорт басқармасы.

Биыл фестивальдің атауы да, мазмұны да өзгеше. Бұрын ол "Сахнадан сәлем" деп аталып келген еді. Бұл туралы "Жастар" театрында театр апталығының ашылуына арналған баспасөз маслихатында театр және кино режиссері, драматург, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов айтты.

"Алты жыл бұрын біздің Қуанышбаев атындағы қазақ театрымыздың іргесінде осы фестивальдің тұсауы кесілген болатын. Ол кезде оны халықаралық деңгейге жетеді деп ешкім де ойламаған. Биыл шараның атауын ғана емес, сондай-ақ мазмұнын да өзгертіп отырмыз. Біз номинациялар белгілеп, қатысушыларды материалдық тұрғыдан қолдау туралы шешім қабылдадық. Фестивальдің бас жүлдесі – 2 миллион теңге", – деді Талғат Теменов.

Оның айтуынша, "SAMGAU" фестиваліне қатысуға 53 ұжым өтінім берген, оның ішінен тек 12-сі ғана таңдалған.

"Бүгінде театр өнеріне сұраныс жоғары. Егер 5 жыл бұрын театр әлемі тұралап тұрса, соңғы 3-4 жылда айтарлықтай серпін жасалды. Жаңа сапалы қойылымдар көп, сондықтан іріктеу қатаң болды. Әзірге уақыттың тығыздығынан қатысушыларды көбірек ала алмаймыз. Қазылар алқасы күніне 3 спектакльден көреді. Өйткені фестиваль бір аптаға ғана созылады", – деді ол.

Сонымен қатар, белгілі профессорлар, театр өнерінің саңлақтары күн сайын фестиваль қатысушыларына вокал, сахнада қозғалу және сөйлеу, актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрісін өткізетін болады.

"Елордада тұрған соң театрымызға актерлерге үйрету үшін вокал бойынша педагогты немесе балетмейстерді шақыра аламыз. Ал, мысалы, облыстық театрларда ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан біз театрларға бүгінде танымал жаңа қойылымдарды тамашалау және шеберлерімізден сабақ алу үшін актерлерін жіберсін деп шақыру жібердік. Оларға сертификаттар беріледі", – деді актер, режиссер және профессор Нұрқанат Жақыпбай.   

Биылғы фестивальдің тағы да бір ерекшелігі – оған OFF-бағдарлама ретінде Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік өнер және режиссура кафедрасының студенттерінің дипломдық спектакльдері де қатысады.

Фестивальдің қазылар алқасының құрамына отандық және Ресей мен Қырғызстанның үздік театр сыншылары енді. Атап айтқанда, Есенгелді Тұяқов, Елена Митченкова, Жаныш Құлмамбетов, Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Мұрат Әбзелбаев, Гүлдана Сапарғалиева, Назерке Жұмабай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу