"Самұрық-Қазына" АҚ қоржындық компаниялары ҚХР-да бірқатар келісімге қол қойды

884

"Самұрық-Қазына" АҚ қоржындық компаниялары ҚХР-да бірқатар келісімге қол қойды

"Самұрық-Қазына" АҚ қоржындық компаниялары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай халық республикасына сапары аясында қытайлық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды.

Сонымен, Бейжіңде Ақмола облысындағы Масал титан-магнетит (құрамында ванадий бар темір) кен орны базасында тау-кен металлургиялық кешенін салу бойынша екі келісімге қол қойылды. "Масал тау-кен байыту комбинаты" ЖШС мен China National Technical Import and Export Corporation қытайлық корпорациясы арасындағы шартты келісім тау-кен металлургиялық кешені құрылысына мердігер шартын жасау ниетін қарастыруда. Кешен кен өндіруден бастап жоғары маркалы болаттың түрлі сұрыптарын шығаруға дейінгі тізбектен құралады деп жоспарланған. Масал кен орнында С1 және С2 санаттары бойынша кеннің жиынтық пайдалану қорлары 729 млн тоннаны құрайды. Сондай-ақ, "Масал тау-кен байыту комбинаты" ЖШС мен ҚХР Эксимбанкі арасында жобаны қаржыландыру туралы шартты келісімге қол қойылды. 

"Біз жоғары маркалы болат өндіргіміз келеді, өйткені қазір елімізге жылына бір жарым миллион тонна көлемінде болат толығымен импортталады. Болат құю зауыттарының өлшемдері бойынша біздің зауытымыз аса үлкен емес – жылына 940 мың тонна болат.  Бүгінгі таңда бұл жаңа тренд болып есептеледі, себебі кәсіпорындар мобильді болуы қажет. Олар кез келген сәтте қайта құрылып, қазіргі уақытта бизнес пен өнеркәсіпке керектіні өндіруі қажет", - деп атап өтті "Тау-Кен Самұрық" ҰГК АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов құжаттарға қол қою рәсімінде тілшілерге берген  сұхбатында.

Ол 3 мың адам құрылыс кезеңінде, және 4 мың адам зауытты пайдалану кезінде жұмыспен қамтылатынын айтты.

Қордың ірі қоржындық компанияларының бірі – "Қазақстан Темір Жолы" ҰК АҚ Бейжіңде "KTZE – Khorgos Gateway" ЖШС-де 49% қатысу үлесінің сатып алу-сату шартын жасасты. Қытай тарапынан құжатқа China COSCO Shipping Corporation Limited пен "Ляньюнган порты" КТ" ЖШҚ қол қойды. Зәкірлік стратегиялық инвесторларды тарту "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ порты арқылы транзиттік жүктер көлемдерінің өсімін қамтамасыз етеді.   

 "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы, сондай-ақ қазақстандық тараптан Қазақстан-Қытай Іскерлік Кеңесі (бұдан әрі - ҚҚІК) тең төрағасы болып табылатын Өмірзақ Шүкеев Бейжіңдегі "Бір белдеу, бір жол" Халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу аясында бірқатар кездесулер өткізді. "Самұрық-Қазына" Қорының басшысы "CITIC Group" директорлар кеңесінің төрағасы, қытайлық тараптан ҚҚІК тең төрағасы болып табылатын Чан Чжэньминмен кездесті. Өмірзақ Шүкеев пен Чан Чжэньмин жаңа жобалар аясында ынтымақтастық мүмкіндігін, сондай-ақ таяу уақытта Астанада өткізуге жоспарланған алдағы ҚҚІК төртінші отырысының күн тәртібін талқылады.

Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ Қытайдың Мемлекеттік даму банкінің төрағасы Ху Хуайбанмен кездесу өткізді, онда тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалы бағыттары бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Бүгінгі таңда, Қор тобы ҚМДБ қатысуымен бірге химия саласында қаржыландыру көлемі 2 млрд. АҚШ доллардан астам соманы құрайтын бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу