"Самұрық-Қазына" активтері Шанхай қор биржасында таныстырылды

557

"Самұрық-Қазына" активтері  Шанхай қор биржасында таныстырылды

Шанхай қор биржасында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ның инвестор күні өтті. Іс-шара қордың 215 активін бәсекелестік ортаға беруді қарастыратын жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді, деп хабарлайды қордың қоғаммен байланыс департаменті.

"Қордың және оның қоржындық компанияларының дамуы Қазақстандағы оң өзгерістердің негізінде жүзеге асырылуда. Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, ондағы жеке секторды белсенді түрде кеңейтуде және экономиканы жаңғыртуда зор табыстарға қол жеткізуде. Мен біздің қытайлық әріптестерді "Самұрық-Қазынаның" мұнай мен газ, көлік пен логистика, тау-кен мен телекоммуникация салаларындағы жобаларға белсенді түрде инвестиция салуға шақырамын", - деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қордың 9 ірі компаниясының жетеуін ІРО арқылы жекешелендіру жоспарланған. Бұл активтердің саудасы 2020 жылға дейін кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде "Қазақтелеком", "Эйр Астана" және "Қазатомөнеркәсіп", екінші кезеңде "Самұрық-Энерго" және "Қазмұнайгаз", үшінші толқын аясында "Қазпошта" және "Қазақстан темір жолы" компанияларындағы үлесі сатылады. Жоспар бойынша екі актив  стратегиялық инвесторға сатылады: "Тау-Кен Самұрық" және Qazaq Air.

"ТМД елдерінің арасында Қазақстан көлемі бойынша Қытайдың екінші сауда серіктесі болып табылады және инвестициялар үшін басымдыққа ие. 2017 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда-саттық 18 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан үшін "Бір белдеу, бір жол"  бастамасына қатысу және "Нұрлы Жол" жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру екі елдің ынтымақтастығында маңызға ие инвестицияларға және инфрақұрылымды салуға жаңа мүмкіндіктер ашады", - деп атап өтті Шанхай қор биржасының президенті Хуан Хунъюань.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Гонконг қор биржасының басшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу