"Самұрық-Қазына" инвесторлармен кездесу үшін әлемнің ірі қалаларына сапарлайды

838

"Самұрық-Қазына" инвесторлармен кездесу үшін әлемнің ірі қалаларына сапарлайды

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Нью-Йорк, Лондон және Гонконгта кездесулер өткізеді.  Бұл жайында "Самұрық-Қазына" қоры басшылығының дипломатиялық корпус, халықаралық компаниялар өкілдерімен және  инвесторлармен кездесуі барысында қордың басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен бірқатар кездесулерді бастаймыз. Бұл кездесулердің барысында қордың жекешелендіру, трансформация бағдарламалары жайында инвесторларымызды, елшілерді, шетелдік әріптестерімізді хабардар еткіміз келеді. Бүгін, міне, мұндай кездесу Астанада өтуде. Наурыз айының соңында Нью-Йоркта, Лондонда, Гонконгта, жалпы, 4 кездесу ұйымдастырылатын болады", – деді ол. Оның атап өтуінше, "Самұрық-Қазына" компаниялар тобы активтеріне инвестиция жасаудың ерекше мүмкіндігі бар. Өйткені, қор елімізде түрлі саладағы ірі кәсіпорындардың басын біріктіріп отыр.

"Қор трансформациясы сол активтерді тартымды жасауға бағытталған. Бүгінде Қазақстан мен "Самұрық-Қазына" АҚ активтері өткен жылдармен салыстырғанда инвестиция үшін ең сенімді таңдау болып саналады. Мәселен, соңғы 2 жылда Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингінде 190 елдің ішінде 51-орыннан 35-орынға көтерілді", – деді Шөкеев.

Айта кетейік, кездесуге 300-ге жуық  дипломатиялық корпус, халықаралық компаниялар өкілдері қатысуда. Оларға қордың стратегиясы, трансформация бағдарламасы, активтерді жекешелендіру бағдарламасының аралық нәтижелері, сонымен қатар дамушы салалардағы жобалары таныстырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу