Сыртқы істер министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қоры инвестицияларды тарту бойынша бірлесіп жұмыс жасайды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінде Қайрат Әбдірахманов пен "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ (Samruk Kazyna) басқарма төрағасы Ахметжан Есімов кездесіп, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қабылданған құжаттың өзара әрекеттестікті, шетелдік инвестицияларды тарту мәселелері бойынша әрекеттердің келістілігі мен үйлестігін күшейтуге, энергетикалық секторды дамытуға, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын және транзиттік-көліктік әлеуетті жүзеге асыруға, қазақстандық экспортты ілгерілетуге бағытталғандығы атап өтілді.
"Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын "экономизациялау" жөніндегі тапсырмасына сәйкес, экономиканың басым секторларына шетел инвестициялары мен инновациялық технологияларды тартуға жәрдемдесу, сондай-ақ экспортты ілгерілету Қазақстанның сауда және экономикалық дипломатиясының негізгі элементі болып табылады", - деп атап өтті министр.