"Шабыт" байқауында алғаш рет Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық беріледі

910

 Биыл алғаш рет конкурстың ұйымдастыру комитеті "Журналистика" номинациясын қосып отыр.

"Шабыт" байқауында алғаш рет Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық беріледі

ХХІ "Шабыт" халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға өтінімдерді қабылдау әлі бір апта бойы жалғасады, деп хабарлайды Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Аталмыш шара қарашаның 5-і мен 9-ы аралығында өтеді. Шығармашылық бәсекеге қатысам деушілер материалдарды 30 қазанға дейін Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына жолдауы керек, немесе www.shabyt-astana.kz сайтында онлайн өтінімді толтырады. Үміткерлердің жасы 16-дан 35-ке дейін болуы шарт.

Еске салайық, биыл фестиваль басты 5 номинация бойынша өтеді: "Классикалық музыка", "Халық музыкасы", "Эстрадалық вокал", "Хореография" және "Журналистика". Оның үстіне, олардың кейбірі секцияларға бөлінген.

Дәстүр бойынша өнер салаларын барынша қамту мақсатында фестиваль номинациялары жыл сайын ауысып отырады. Соңғы алты жылдың ішінде биыл алғаш рет конкурстың ұйымдастыру комитеті "Журналистика" номинациясын қосып отыр. Секция елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналады.

Әр номинация бойынша Гран-при иегерлері мен жүлделі орын алғандар ақшалай сыйлықтармен және "Шабыт" фестивалінің дипломдарымен марапатталады. Гран-при иегерлеріне – 350 мың теңге, бірінші орын алғандарға – 300 мың теңге, екінші орын үшін – 250 мың теңге және үшінші орынға – 200 мың теңге беріледі.

Бұдан басқа, әрбір секция бойынша ұйымдастырушы– елордалық мәдениет және спорт басқармасы арнайы сыйлықтар мен құны 80 мың теңгелік атаулы дипломдар әзірледі. Атап айтқанда, "Журналистика" номинациясында атаулы сыйлық қазақ жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаны еске алуға арналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу