"Шабытқа" өтініш қабылдау басталды

1007

"Шабытқа"  өтініш қабылдау басталды

Астанада 3-7 қараша күндері "Шабыт" шығармашыл жастардың ХХ халықаралық фестивалі өтеді. Осыған орай фестивальге қатысуға өтініштер қабылдау басталды, деп хабарлайды elorda.info.

Биыл фестивальді ұйымдастыру комитетінің шешімімен дарынды жастар "Классикалық музыка" (фортепиано, скрипка, альт, виолончель, контрабас, академиялық ән айту), "Бейнелеу өнері" (мүсін, қолданбалы өнер), "Халық музыкасы" (домбырамен ән айту, халық аспаптары ансамблі, домбыра), "Цирк өнері", "Актерлік шеберлік" және "Үздік әдеби шығарма" атты алты аталым бойынша өнер жарыстырады.

Осы жолы "Үздік әдеби шығарма" аталымына тек балалар мен жасөспірімдерге ғана арналған шығармалар қабылданатынын айта кетейік. Фестиваль соңында үздік туындылар кең аудитория үшін интернет-ресурстарда жарияланады.

Биыл "Шабыт" жиырмасыншы мәрте шымылдығын түреді. Осы жылдары фестиваль өнер және әдебиет әлеміндегі айтулы оқиға және дарынды жастарға үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаңға айналды. Биылға дейін фестивальге өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Белгілі сықақшы Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет әртісі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, "Меломен" тобы, Аша Матай, әнші, композитор Қайрат Баекенов және өзге де танымал өнерпаздар оның әр жылдардағы жеңімпаздары атанған.

Ал өткен жылы "Үздік әдеби шығарма" аталымына қатысқан ақын Ербол Алшынбай фестивальдің гран-при жүлдесін жеңіп алған.

Үміткерлер материалдарды Қазақстан Республикасы, Астана қ., 010000, Бейбітшілік к-сі, 11 мекенжайына, Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына жолдауы керек. Байқауға қатысуға өтінішті www.shabyt.astana.kz сайтына онлайн түрде беруге болады. Сонымен қатар, сайтта фестивальдің ережесі мен әр аталым бойынша қатысушыларға қойылатын талаптар жарияланған. Толық ақпаратты  +7 (7172) 556771,+7 (7172) 557409 телефон нөмерлеріне хабарласып, фестивальдің ұйымдастыру комитетінен білуге болады. Ал өтініштерді қабылдау биылғы 20 қазан күніне дейін жалғасады

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу