Еуразиялық топ (ERG) құрамындағы "Шұбаркөл көмір" АҚ директорлары кеңесінің шешімімен Кемаль Рашатұлы Усманов акционерлік қоғам президенті болып тағайындалды, деп хабарлады Топтың баспасөз қызметі.
Кемаль Усманов Фрунзе политехникалық институтын "Инженер – электромеханик" мамандығы бойынша тәмамдаған, "тау-кен ісі, тау-кен машиналары мен кешендері" мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты. Америка бизнес және ТМД әкімгерлік университетінде бизнес әкімгерлік докторы дәрежесін алды.
Еңбек жолын К. Усманов кіші инженерліктен бастап, кейін келе ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Еуразиялық топ құрылымдарында еңбек етіп жүргеніне 10 жылдан асты. ERG құрамындағы "Қазхром" ТҰК" АҚ-да жетекші қызметтер атқарды. 2003 жылы "Казмарганец" кен басқармасы директорының орынбасары қызметіне тағайындалып, 2004-2012 жылдар аралығында аталған кәсіпорынға жетекшілік етті. 2012-2014 жылдар аралығында Дөң ТКБК директоры.
2013 жылдың ақпан айы мен 2015 жылдың ақпаны аралығында "KERAMAX" АҚ Бас директоры.
2015 жылдың ақпан айында Еуразиялық Топ құрылымына оралып, "Қазақстан алюминийі" АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасының директоры қызметіне кірісті.
2016 жылдың қазан айында "Шұбаркөл көмір" АҚ вице-президенті болып тағайындалды.
Бүгінгі күнге дейін "Шұбаркөл көмір" АҚ президенті болып еңбек еткен Төлеген Ақбаев Еуразиялық топта 20 жылдан астам уақыт еңбек етті. Т. Ақбаевтың құрметті зейнет демалысына шығуына байланысты оның өкілеттілігі тоқтатылды. Білікті басшысының бар ғұмыры Қазақстанның көмір өнеркәсібімен тығыз байланысты. Т. Ақбаев сонау 1976 жылы институтты тәмамдап, еңбек жолын "Екібастұз көмір" өндірістік бірлестігіне қарасты "Богатырь" кенішінде аршу жұмыстары учаскесінің электромеханигі болып бастаған. Еселі еңбегінің арқасында қызметі өрлеп, аталған кәсіпорынның бас директорының бірінші орынбасары болды. Ал 1994 жылы Төлеген Ақбаев "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ құрамындағы "Шығыс" кенішінің директоры болып тағайындалып, табан аудармастан 2004 жылға дейін сонда еңбек етті. 2004-2006 жылдар аралығында "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы" АҚ бірінші вице-президенті. 2006 жылдан 2017 жылдың қаңтар айына дейін "Шұбаркөл көмір" АҚ президенті болып еңбек етті.