Режиссер Жаңабек Жетіруов "Шыңырау" көркем фильмінің түсірілімін аяқтады. Қазіргі таңда таспа монтаждалып жатыр, деп хабарлайды brod.kz.
"Шыңырау" кинотаспасы өмір бойы құдық қазып өткен ақсақал Еңсеп туралы баяндайды. Ұлы Жомарт әкесіне көмектесудің орнына, махаббат машақатынан қайғырып жүреді. Көрермендерге Еңсептің тағдыры арқылы көзқарас пен дәлдік, адамдар мен қоғам арасындағы мәселелермен қатар, махаббат, достық және отбасы құндылықтары көрсетіледі.
Жаңабек Жетіруовтың айтуынша, картина пәлсапалық мағынаға толы, ол үлкендерге де, жастарға да әсер етпей қоймасы анық. Сондай-ақ, режиссер "Шыңырау" фильмінде классикалық музыкасының шырқалатынын айтты, фильм композиторы Арман Жайым болмақ.
Көркем таспаның түсірілімі Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко қаласының маңында өтті. Картинамен қоюшы-оператор Рифкат Ибрагимов, қоюшы-суретші Мұрат Кәріпов және продюсер Ертай Рахманбердиев жұмыс істеді. Драманың өндірісімен "Қазақфильм" киностудиясы айналысты.
"Шыңырау" фильміндегі кейіпкерлер образын Алдабек Шалбаев, Асылхан Төлепов, Айжан Жетіру, Дәулет Әбіш және Мақсат Сәбитов сомдайды.