"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы жолға шығады

1083

"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы жолға шығады

1 қарашада Астанадан "Тәуелсіз Қазақстан" пойызы сапарға шығады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған пойыз құрамы жетекшісінің орынбасары Нұрбек Шаяхметов мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

"Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1 қарашада "Тәуелсіз Қазақстан" деп аталатын пойыз сапарын бастайды. Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бұл пойыздың сапары егемендік жылдарындағы жетістіктерді халқымызбен бөлісіп, бастамаларды насихаттап, рухымызды көтеруге негізделген. Екіншіден, халықтың "Мәңгілік ел" идеясы төңірегінде жұмылуына ықпал етіп, патриоттық идеяны насихаттау шаралары атқарылады. Ал үшінші бағытта медициналық, әлеуметтік, сонымен қатар құқықтық, ауыл шаруашылығы, білім беруді, бизнесті дамытуға қатысты халықты толғандырып жүрген мәселелер бойынша кеңес беру жұмыстары қамтылады", – деді Н. Шаяхметов.

Оның сөзіне қарағанда, пойызда жасақталған топтың құрамында ҚХА атынан сайланған депутаттар бар. Олар әрбір тоқтаған стансада қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырады. Сонымен қатар бірқатар министрліктер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "ҚазАгро" өкілдерінен тұратын 70-тен астам маман жұмыс істейді.

"Бұдан бөлек, өнер адамдары, ғылым саласының өкілдері пойыз тоқтаған әрбір стансада жұмыс жасайды. Әрбір бекетте халық үшін игілігі мен қажеттілігіне орай ауқымды мәселелер шешіледі деген ойдамын", – деді ол.

"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы" акциясы өз жұмысын 14 желтоқсан күні Алматы қаласында аяқтайтын болады. Акция кезінде пойыз республика бойынша 35 елді мекенге тоқтап, жергілікті халыққа, оның ішінде зейнеткерлерге, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне және шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына қажетті қызметтер ұсынылатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу