"Қазақстан" ұлттық телеарнасының "Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаевпен" хабарында қонақта болған Президент Нұрсұлтан Назарбаев ата-ананы құрметтеу, теледидардың қоғам алдындағы маңызы және "Бақыт деген не?" атты сұрақ төңірегіндегі ойларын айтты, деп жазады egemen.kz.
"Жұмыс бабымен көп жерлерде болам ғой. Кейде қарттар үйіне де барам. Сонда қазақ қарттарын көрем. Менің жастау кезімде мұндай орында қазақтың қариялары болмаушы еді. Қазір қазақ қарттарын да көретін болдық. Жандарына отырып "Балаларыңыз бар ма?" деп сұраймын. Сонда олардың көбі "Оны сұрамай-ақ қойыңыз" деп жауап береді" деген Елбасы ата-ананы құрметтеудің қандайлық ұлы парыз екенін айтты.
"Оларға бір нәрсе бөліп беру де қажет емес. Тек жандарына біраз отырып, құшақтасаңдар, соның өзі олар үшін үлкен қуаныш" деді Президент.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев теледидардың ағартушылық, адамгершілікке шақыру бағыты басым болуы керектігін атап өтті. "Меніңше, теледидардың мақсаты – жақсы нәрсеге үйрету" деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан "Түнгі студия" хабары шамамен он минутқа созылды.