Ағымдағы жылдың 26 мамырында елордада ІІ "Ұлы дала" гуманитарлық форумы өтеді. Бұл туралы "Жойылу қаупіндегі түркі тілдері" атты көптомдық еңбектің таныстырылымда Түркі академиясының президенті, "Егемен Қазақстан" респбуликалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мәлім етті.
"Біз өткен жылдың мамыр айында "Ұлы дала" деп аталатын бірінші гуманитарлық форум өткізген едік. Оған ресейлік, түркиялық, жалпы түркі ғалымдары қатысты және олар саяси жүйеге қарамастан осы ынтымақтастықты дамыту жөнінде көптеген ойларын айтты. Биыл екінші "Ұлы дала" форумы 26 мамырда өтеді және тақырыбының бірі жойылып бара жатқан түрлі халықтарға арналады. Біздің биылғы форумның тағы бір үлкен бөлігі профессор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстандағы түркологияның бастауында тұрған Мырзатай Жолдасбековке арналмақ", - деді Қыдырәлі.
Айта кетейік, бүгін таныстырылымы өткен "Жойылу қаупіндегі түркі тілдері" еңбегі Түркі академиясы мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің қолдауымен жарық көріп отыр. Еңбекке түркиялық ғалым Суер Екер ғылыми жетекшілік жасаған. Ғылыми еңбекті әзірлеу жұмыстарына әлемнің 26 елінен 130 ғалым қатысқан және онда 132 зерттеу топтастырылған.