Бүгін Шымкенттегі "Көрме" орталығында "Ұлы дала кілемдері" атты бес күндік кілемдер жәрмеңкесі ашылды. Көрмені тамашалауға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Иран ислам Республикасының Хорасан Разави провинциясының губернаторы бастаған делегация келді ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Қазақстандағы ең ірі "Бал Текстиль" отандық кілем өндіруші фабрикасы елбасының бастамасымен құрылған "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылғанын атап өтті.
"Республикадағы ірі кілем зауыты тоқыма саласына қосар үлесі мол. Бүгінде фабрика айрықша ою-өрнектермен әрленген, отандық кілемнің 2000-нан астам түрлерін облыс тұрғындарына ұсынуда. Жобаның серіктесі - әлемдегі ең ірі 5 кілем өндірушілердің бірі болып табылатын және әлемдік нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар "Kartal Hali" (Түркия) компаниясы", - деді әкім.
Шымкентте екінші рет ұйымдастырылып отырған көрмені еліміздегі ірі кілем шығарушы "Бал Текстиль" фабрикасы ұйымдастырды. Жәрмеңкеде қонақтардың назарына 1 мыңнан астам кілемдер мен оның түрлері ұсынылуда. Шара аясында арзандатылған бағада кілем түрлерін сатып алуға болады.
Айта кетейік, өндірістік қуаты жылына 5 млн. шаршы метр кілем тоқуға қауқарлы фабрика іске қосылған 2013 жылдан бері 9 млн шаршы метрге жуық кілем тоқыса, осы аралықта 6 млн келі болатын пропилен жібін иірген.