"Ұлы Жібек жолы 2018" халықаралық экспедициясы жоспарланып отыр. Бұл туралы "Жаңа Ұлы Жібек жолы" халықаралық экспедициясына арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды 24.kz.
Ұлт жоспары рухани жаңғыру "Ұлы Жібек жолы" мәртебесін қайта жандандырып, жол бойындағы елдердің мәдени байланыстарын нығайту қажет. Осы мақсатта еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Ұлы Жібек жолы 2018" халықаралық экспедициясы сапарға шығады. Экпедицияға әлемге танымал поляк саяхатшы Яцек Палкевич жетекшілік етеді. Сапар сәуір айында Қытайдан басталып, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Беларусьтан өтіп, Польшада аяқталады.
"Рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасы аясында саяхатшылар ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне енген 33 нысанға ат басын бұрады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға зор үлес қоспақ. Экспедиция аяқталғаннан кейін "Қазақстанның қасиетті белдеуі" деп аталатын фильмдер циклын шығару жоспары бар.
"Жібек жолының бойымен экспедиция жүргізу туристік саламызды дамытуға өте тиімді. Көпшілікке белгілі Trip Advisor компаниясының дерегіне қарағанда, "Жібек жолы" – әлемдегі ең танымал брендтердің бірі. Біз осыны тиімді пайдалануымыз керек. Өйткені бұл жолдың басым бөлігі біздің еліміздің аумағынан өтеді", - дейді "Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы" АҚ төрағасының орынбасары.