Тараздағы "Жамбыл гипс" зауыты "Алтын сапа" байқауында 1-дәрежелі дипломант атанды. Бүгінде кәсіпорын жылына 300 мың тоннадан астам құрылыс жұмысына қажет дайын өнім шығарады. Зауыт еліміздің ішкі сұранысын қанағаттандырумен қатар оның үштен бірін Ресейге жөнелтіп отыр. Сұраныс артқандықтан қосымша 4 бірдей цех салынды. Қазір жобаның бірінші кезеңі аяқталып, алғашқы микрокальцид өнімі алынып жатыр. Енді кәсіпорын өндірістік қуатын өрістете түспек. Өндірістің өркендеуі - өнімнің сапасына тәуелді.
Өндіріс орнында қазір гипстен 20-ға жуық өнім шығарылады. Еліміздің ішкі сұранысының тең жартысына жуығын осы мекеме қанағаттандырып отыр. Ал экспортқа былтыр 500 миллион теңгенің тауары шығарылған.
Алдағы уақытта мұнда гипстен бөлек құрғақ қоспа, перлит сияқты тағы бірнеше түрлі өнім шығарылады. Құрылыс және ауылшаруашылығында молынан пайдаланылатын перлит өнімі Орталық Азия елдерінің арасында алғаш болып Таразда өндіріледі. Гипс зауыты - еліміздегі кластерлік жүйеде жұмыс істейтін кәсіпорынның бірі. Шикізатты өндіруден бастап, дайын өнімге дейін өздері шығарады.