Əлихан Бөкейхановқа Санкт-Петербургте естелік тақта орнатылады

779

Тақтаны жасатып, орнатуды "Ақ жол" партиясы өз жауапкершілігіне алып отыр.

Əлихан Бөкейхановқа Санкт-Петербургте естелік тақта орнатылады

Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық университетінің бас ғимаратына Алаш көсемі Əлихан Бөкейхановқа естелік тақта орнатылатын болды. Бұл туралы алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы айтты, деп хабарлайды elorda.info.

"Сүйінші, Алаш ұрпақтары, сүйінші!!! Осыдан тура жарты сағат бұрын ғана Санкт-Петербордан қуанышты жаңалық келіп жетті. Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1890-1894 жылдары оқып бітірген бұрынғы Императорлық орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратының маңдайына өзінің даңқты түлегі, 2015 жылы ЮНЕСКО бас конференциясының 38-сессиясы "бүкіл әлемдік шынайы даңқты қайраткер" деп таныған Әлихан Бөкейханға естелік тақта орнату туралы ұсынысты 27 дауыспен қолдап, 7 дауыс қарсы, 5 дауыс қалыс қалып, басым көпшілік дауыспен мақұлдады", - деп жазды Сұлтан Хан Аққұлы өзінің әлеуметтік парақшасында.

Ескерткіш тақта орнатуды осы ЖОО-ның тағы бір қазақ түлегі Майкен Әзенов ұсынып, Ғылыми кеңестің қарауына арнайы хат жолдаған. Тақтаны жасатып, орнатуды "Ақ жол" партиясы өз жауапкершілігіне алып отыр.

"Одан бөлек ұлт көсемінің қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын (1922-1937 жж.) өткізген Мәскеудегі Б. Кисловский орамы, 4 үйі мен Самара қаласындағы 1909-1917 жылдары тұрған Казанская көшесі, 30 (қазір 32 үй) үйіне де естелік тақта орнату ісі қолға алынды. "Ақ жол" партиясының Мәжілістегі фракциясынан Мәскеудегі Елшілікке тиесілі хат жолданды. Енді Мәскеуден хабар күтіп отырмыз", - дейді алаштанушы ғалым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу