​ОҚО-дағы күркетауық фабрикасы жылына 20 мың тонна ет өндіруге қауқарлы

1725

​ОҚО-дағы күркетауық фабрикасы жылына 20 мың тонна ет өндіруге қауқарлы

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдегі бірқатар шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен "Ордабасы құс" ЖШС-нің кешенді күркетауық фабрикасын аралап көрді. Аталған фабрика жылына 8110 тонна тірі салмақта күркетауық етін өндіруге қауқарлы. Инвестициялық құны 3 млрд 249 млн теңгені құрайтын жобаның бірінші кезеңі 2010 жылы іске қосылып, жылына 4828 тонна тірі салмақта үндік етін өндіруге қол жеткізді. Сол жылы 280 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Инвестициялық құны 2 млрд 330 млн теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңі 2014 жылы жүзеге асты. 140 жұмысшымен толыққан фабика өнімі екі есеге ұлғайды. Ал былтыр басталған жобаның үшінші кезеңі келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Егер жоба толық жүзеге асса, мұнда жылына 20000 тонна тірі салмақта күркетауық етін өндіруге мүмкіндік тумақ. Қазір мұнда "ҚазАгроқаржы" АҚ арқылы қаржыландырылған жобаның инвестициялық құны 10 млрд 150 млн теңге, 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша күркетауық фабрикасына 53 млн теңгеге газ құбыры тартылды. Кәсіпорында бүгінде 415 адам тұрақты жұмыс істейді.

Елімізге "Дәмді ет" маркасымен танылған күркетауық өндірісінің жұмысын облыс әкімі оң бағалады.

"Ордабасы құс" компаниясын орталық ретінде қалыптастырып, күркетауық етін өндіру тәжірибесін өзге аймақтарға да тарату керек. Осылайша облысымыз бұл кәсіптің түрінен елімізде алдыңғы қатарға шығуы тиіс, – деді өңір басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу