Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шыққан командалар бүгін ресми баспасөз мәслихатын өткізіп, артынша салмақ өлшеу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды 24.kz.
Тілшілермен жүздесуге АІВА президенті доктор ВУ да келген. Халықаралық әуесқой бокс федерациясының басшысы осы жарыстың өтуіне қазақ елі атсалысатынын және финалдық бәсекелерді өткізуге де қол үшін беретінін тілге тиек етті.
Жалпы жетінші рет ұйымдастырылып отырған жарыста "Астана арландары" мен "Куба қабыландары" екі реттен чемпион атанған. Ертең қай жеңгені жаңа рекорд иесі саналады.
Салмақ өлшеу рәсімінің өз қызығы бар. Спортшылар таразыдан түскен бетте бір-біріне ұмтылып, көз түйістіреді. Әсіресе ең жеңіл салмақтағы Йохаус Аригалос пен Теміртас Жүсіпов арасындағы жүздесу жұртты күлкіге қарық қылды. Ал Олжас Сәттібаев пен Йосбани Вейтиа Сото – сыралғы қарсыластар. Сондықтан болар сыпайы тарасты. 69 келідегі Аслан Шымбергенов пен Иглесиос Сотолонгоның жекпе-жегіне қатысты пікір айтушылар бұл қазақ еліне жағатын салмақ дәрежесі екенін еске салып, екеуінен жауап күтті.