Астанада елбасы төрағалығымен өткен "Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні" жалпыұлттық телекөпірі аяқталды. Шара барысында еліміз бойынша 25 нысан іске қосылды, деп хабарлайды 24.kz.
Олардың қатарында индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, логисткалық өнеркәсіптік жобалар бар. Жалыпұлттық телекөпірге еліміздің барлық облыстары мен қалалары атсалысты. Ақтөбе облысында мұнай, Атырауда металл құрылғыларын шығаратын зауыт жұмысын бастады.
Ал еліміздің солтүстік, батыс, шығыс аймақтарында жоғары технологиялық тамақ өнеркәсібі орындары ашылды. Қарағанды облысында ескі автөкөліктерді өңдейтін Қазақстандағы тұңғыш зауыт іске қосылды.
Бұдан былай Орталық Азия бойынша ұшақтар жөндейтін ірі кәсіпорын да біздің елімізде болады. Индустрияландырудағы басым бағыттың бірі - минералды шикізатты кешенді өңдеу. Ақмола облысындағы алтын өндіретін "Қазақ алтын Technology" серіктестігі осы міндетті іске асыратын болады. ТМД елдерінде теңдесі жоқ кәсіпорын құрамында бағалы металдар бар техногендік минералды түзілістерді өңдейді. Жоба іске қосылған соң алғашқы жылдары доре қорытпасымен 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіруі тиіс. Ал олардың Астанадағы аффинаждау зауытында одан әрі қарай өңделуі еліміздің алтын қорын байыта түсуге мүмкіндік береді.